Серік Зиятов: Жанболат Мамайға хат

Жанболат інім! Сенің байкот туралы жазбаңа көлемділеу пікір жазып едім. Кейін соны таба алмай қалдым. Сосын өзіңе тікелей жеткізгенді жөн көрдім.

Өзім алғаш рет 2012 жылдың қаңтарында бақылаушы болған едім. Өзі аудан орталығындағы ең үлкен учаске еді. 2680 адам тіркеліпті. Сайлау учаскесі ашылардан 15 минут бұрын кіріп, дауыс саналып болған соң, қолыма сайлау комиссиясының мөрімен куәландырылған хаттаманы алып шықтым. Бар болғаны 1600-дей жан дауыс берді. 1000-дай бюллетень жойылды. Комиссия мүшелерінің сондағы абдырағаны-ай. Қолдары дірілдеп, бюллетеньдерді турай берді. Соның барлығы бақылаушы болмаса, «Нұр Отанның» атына жазылмай ма?

Былтыр да бақылаушы болдым. Тіпті ауданда тәуелсіз бақылаушыларды ұйымдастырып, барлық учаскенің 80 пайызын қадағалауға қол жеткіздім. Сайлау болардан бұрын сыртымнан ҰҚК-нің жедел уәкілі түсті. Бақылаушы болатын азаматтардың тізімін қолына түсіргісі келіпті. Соларды біліп алып, қорқытып райынан қайтармақ болған ғой. Әйтеуір, бақылаушылардан билік қатты үрейленді.

Бүгінгі күні де солай болып отыр. 1,5 жыл алдын біздің уақытымыз өте тығыз болды. Бақылаушылардың да сапалық құрамы біркелкі болмады. Ең басты қиындық адам тапшылығы еді. Балшықтан жасағандай болдық. Бақылаушы боламын деген кісіні құшақтап алғың келетін…

Кейін өзімізше талдау жасадық. Сонда елдегі 10500 учаскенің асса, 40 пайызы қадағаланған деген қорытындыға келдік. Соның өзінде бақылаушылардың сапалық құрамы мен санының аздығынан зардап шектік. Кейбір учаскелерде сайлау комиссиясындағы ынсапсыздар бақылаушылардың өз құқығын жете білмегенін пайдаланып, заң бұзушылықтар жасапты. Көз жетпейтін жерде отырғызып қойып санаған. Ескерту айтса, полиция шақырып, шығарып жіберемін деп қоқан-лоққы жасаған. Мұндай бассыздықтар негізінен жалғыз ғана тәуелсіз бақылаушы бар жерде орын алған. Егер сол жерде 2-3 бақылаушы болса, сөйте алар ма еді…

Мен бір өзім болсам да өйтіп басындырмадым. Сайлау комиссиясы алдымда зыр жүгіріп жүрді. Санаулы болса да солай жасай алғандар болды.

Бұдан он бір ай бұрын-ақ біздер, оралдық бақылаушылар, сайлау мәселесін талқылай бастадық. Ішімізде сені қолдайтындар да баршылық. Менің өзім де саған сырттас ниеттес болып келемін. Талай рет желіде Демпартияға қарсы айтылған сыңаржақ сөздерге тойтарыс беріп келемін.

Біздікілердің бір бөлігі демпартияның съезіне барып та келді. Мен өзім де 10 кісінің қолын жинауға кірістім. Карантині бар, билік пен басқа да күштердің кесірінен съезд өтпей қалды. Полиция белсенділерді түрлі сылтаумен ұстап, кворумды да болдырмады.

Сөйтіп жүргенде бүгінгі күнге де жеттік. Жыл басынан сайлауды талқылаған кезде егер Демпартия сияқты төменнен, халықтың бастамасымен құрылғалы жатырған партиялар тіркелмесе, не істейтінімізді айттық. Өз ойларым бар маған ниеттес азаматтар тәуелсіз бақылаушылар ұйымының концепциясын жазуды тапсырды. Байкот деген позиция соның ішінде де бар. Бұл жай байкот емес. Байкот жариялай тұра, сайлауды бақылап, дауыс беруге келмеген азаматтардың үлесін биліктің пайдаланып кетуіне жол бермеу үшін жасалатын байкот еді. Былайша айтқанда: байкот+тәуелсіз бақылау ұстанымы болатын.

Жоғарыдағы идеяға азаматтық қоғамды жұмылдыру үшін 2020 жылы 13 қаңтарда, Оралда Қазақстанның батыс регионы облыстарының азаматтарының басын қосып, кеңес өткіздік. Сөйтіп, Ақтөбе, Ақтау, Атыраудан келген тәуелсіз бақылаушылардың өкілдері бізбен бірлескен меморандумға қол қойды.

Бұрынғы сайлаулардан халықтың саяси белсенділігі жоғары деген кездің өзінде орта есеппен 50 пайызы ғана дауыс беретіні байқалды. Салыстырмалы түрде ауыл халқының белсенділігі жоғарырақ. Шамамен ауылдықтардың 60 пайызы сайлауға қатысады. Қалаларда 34-40 проценттің маңайы екен. Енді байкот жағдайында сол көрсеткіш 30 пайызға түседі делік. Біздің елдің заңында сайлауға қатысушыларға қатысты шектеу жоқ. Қанша пайыз адам келсе де сайлау заңды деп танылады. Сөйте тұра, билікке мұндай абсентеизмді мойындау-өліммен тең. Өйткені, мұның өзі халық алдындағы биліктің беделінің де-факто бетегеден төмен екенін көрсетер еді. Сондықтан билік көрсеткішті барынша көтеріп көрсетуге тырысады. Бұған дейін сайлау процесін тәуелсіз бақылаудың жоқтығы соған жақсы мүмкіндік беріп келді.
Біздің сайлауды бақылаудағы мақсатымыз-елдегі 10500 учаскені түгелдей тәуелсіз бақылап, қолымызға барлық учаскенің мөрленген хаттамасын алуға қол жеткізу еді.

Көріп тұрмыз, мұның ішінде, Жанболат, сен жазғандай, ешқандай да сайлауға үгіттеу жоқ. «Нұр Отаннан» басқасына дауыс беріп, биліктің партиясына соққы берейік деген пікірге өз басым бейтарап қараймын. Мұндай ұстанымдағылар да тәуелсіз бақылаушылар болмаған жерде сол дауыстарының «Нұр Отанның» тізіміне жазылатынын ескерсе деймін.

Бақылаушылардың ішінде шынайы тәуелсіз бақылаушылар көп емес, биліктікілер де бар депсің. Бұған келісуге де болады. Дегенмен, шынайы бақылаушыларға кімнің-кім екені анық көрінеді. Егер сеңбесең, өзің де үлес қос. Шынайы бақылаушылардың қатарын толтырыңыздар.

Беларусьтегі жағдайды айтыпсың. Кешегі рұқсат етілген митингіге 500 кісі барыпты. Біздің елде енді қалған екі айдың ішінде саяси сілкініс болып, халықтың азаматтық белсенділігі күрт жоғарылай қоймас. Сол себептен 10 қаңтар күні Алматы мен Астананың әрқайсында 100000 адам шығады дегенге өз басым сене алмаймын. Шықса, екі үлкен мегаполисте 10000 кісіден шығар. Периферияларда 500-ге де бармас. Беларусь елінің 200-300 мың адамы үш айлап шерулетіп жатқанда авторитарлы билігі шегінді ме? Біздің биліктің бетпақтығы бұлардан артық болмаса, кем емес. Өз басым мұндайда саяси романтизмнен гөрі, саяси реализмді дұрыс көремін. Қазақстан қоғамының шектен тыс конформизмі мен саяси индифферентизміне қарап, солай пайымдаймын. Сен де мұны білмей тұрмаған шығарсың…

Ең соңында, мынаны айтқым келеді. «Өнер-өнер үшін»,-дегендей, бақылау-бақылау үшін. Тәуелсіз бақылаушылардың міндеті- сайлау процесінің қалай өткенін бақылау. Сөйтіп, сәл де болса, азаматтық қоғамның, демократиялық институттардың дамуына үлес қосу. Сайлаудан кейін псефологиялық талдаулар жасап, жинақталған заң бұзушылықтарға қатысты деректерді, сайлау хаттамаларын жинақтау. Солардың барлығына қажеттілік болатын күн де болады. Бұл-қалай дегенде де саяси маргинализм емес, бірнеше адым болса да ілгері жылжу.

P.S. Бірер ай бұрынғы жазбамызда Байкотшылар базасын құрып, дауыс бермейтін азаматтардың дерегін бір жерге жинау туралы ойымды білдірген едім. Сондағы көздегенім, байкот позициясын түрлі бағытта үйлестіре жүргізу болатын.

 

Источник: https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=209168023899941&id=100044202339154